Павлодар облысында 50-ден аса жүкті әйелді жалған құжатпен жұмысқа орналастырған топ тергеліп жатыр

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында 50-ден астам жүкті әйелді өздерінің рұқсатысынсыз жалған құжатпен жұмысқа орналастырып, мемлекетке 200 млн теңге шығын келтірген топ анықталды. Бұл туралы ҚМА мәлім етті. 

Департамент жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдастырған тұлғалар тобына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы кәсіби білімін пайдалана отырып, схеманы іске асыру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларына қолжетімділігі бар кәсіпкерлердің бірқатарына қызмет көрсететін бухгалтер туысын тартқан.

Фото: Видеодан алынған скрин
— Бухгалтер аталған ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған. Сонымен қатар бірнеше таныс адам тартылып, олардың міндетіне жүкті әйелдерді табу және ұсынылып отырған рәсімдеудің заңды екеніне сендіру кірген. Ұсынылған жалған деректер негізінде уәкілетті органдарда жәрдемақылар тағайындалған. Алынған қаражат кейіннен схеманың қатысушылары арасында бөлінген, — делінген хабарламада.

Нәтижесінде 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін өсірілген жәрдемақылар төленген. Мемлекетке келтірілген залал 200 млн теңгеден асты. Сот санкциясымен күдіктілердің 3 автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Абай облысында 7 млрд теңгеге жуық қаржы жымқырған ұйымның қызметі әшкере болғанын жаздық.