Павлодар облысында 53 жеке сот орындаушысы 535,6 млн теңге кірісін жасырған

АСТАНА. KAZINFORM- Павлодар облысының прокуратурасы 73 жеке сот орындаушысының кірістерін жасырғанын анықтады. Тексеру нәтижесінде 53 жеке сот орындаушысының көрсетілмеген кірістері болғаны мәлім болды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Павлодар облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, салық тәртібіне жүргізілген талдау барысында анықталған бұзушылықтар бойынша прокуратура араласқаннан кейін 535,6 млн теңге кіріс ерікті түрде декларацияланды.

Камералдық бақылау нәтижесінде бюджетке 53 млн теңгеден астам жеке табыс салығы есептеліп, төленді.

Сонымен қатар салықтарды уақтылы төлемегені үшін 10,2 млн теңге өсімпұл өндірілді.

Салық міндеттемелерінің толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

-Анықталған бұзушылықтарды жоймаған жеке сот орындаушыларына қатысты салықтық тексерулер жүргізу мәселесі қаралып жатыр,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Астанада жыл басынан бері 4 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылғаны туралы жаздық.