Қарғын су жүріп өтуі мүмкін 65 елді мекеннің 43-і айрықша бақылауда тұр. «Қазгидромет» мекемесі қар суының көлемі былтырғыға қарағанда 66%-ға көп болатынын, ал топырақтың тоңдануы 12%-ға ұлғайғанын болжады.
«Қар жылдам еритін болса Ақтоғай, Железин, Ертіс, Павлодар, Тереңкөл, Успен аудандарындағы елді мекендерді су басуы ықтимал. Ал Баянауыл ауданында биыл ылғал өте аз, бірақ Қарағанды жақтан ағып келетін Ащысу өзені қауіп төндіруі мүмкін. Биыл Қалқаман-Баянауыл автожолының 101-105 шақырымындағы көпірдің жөндеуден өтуіне байланысты аталған республикалық жол қатынасына нұқсан келмейді деген сенімдеміз. Ал Сілеті өзеніндегі мұзды жару жұмыстары әзірше қолмен жүргізіледі. Яғни мамандарымыз мұзды бензинді арамен кесіп, бөлшектеп тасымақшы. Бұл қауіпті сейілтеді деп отырмыз. Егер төтеннен мол су келіп, Ақтоғай аудандарының ауылдарына қауіп төндірсе, өзендегі мұзға жарылғыштар қойылады», - дейді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев.
Облыс бойынша 1702 адам мен 600-ден астам техника, 198 мотопомпа, 42 жүзу құралы құтқару, су жыру жұмыстарына шұғыл кірісуге дайын отыр. 15 наурызға дейін 1472 су өткізу құбырын ашу жоспарланған.