Мамандардың мәліметінше, облыста 22 нозология бойынша аурушаңдық деңгейі төмендеген. Атап айтқанда, жедел вирустық гепатиттер 55,5%-ға, желшешек 10%-ға, жедел ішек инфекциялары 11,6%-ға, ал серозды менингит 21,4%-ға азайған.
– Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Тұмаудан басқа вирустарға 177 зертханалық үлгі алынып, оның 28-інен оң нәтиже анықталды. Сонымен қатар COVID-19-ға зерттелген 177 үлгінің сегізі оң нәтиже көрсетті, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.
Дәрігерлер тұмаудың алдын алудың, оның асқынуы мен өлім-жітімін азайтудың тиімді жолы вакцинация екенін еске салады. Қазіргі уақытта өңірде 76 мың адам екпе алған. Жалпы, облыс тұрғындарының 10,7 пайызын тұмауға қарсы вакцинамен қамту көзделген.
Мамандар жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың алдын алу үшін қолды сабынмен жиі жуып, антисептик қолдануға кеңес береді. Сондай-ақ ауру белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болып, бөлмелерді жиі желдету және үй-жайларда тазалық сақтау қажет.
Бұған дейін вакцина аутизм тудырады деген ақпараттың түбі қайда жатқанын жазғанбыз.