Алаяқтар ұзақ уақыт бойы Ақсу қаласының тұрғындарын, оның ішінде Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлерін алдап, үлкен көлемдегі ақшалай қаражатты иемденген. Олардың арасында жергілікті 2 азамат болған.
Топ мүшелерін Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция ведомствосының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері ұстады.
- Ұсталғандардың алаяқтық бойынша 6 фактіге қатысы бар, тұрғындарға 25 миллион теңгеден астам ірі шығын келтірген. Сондай-ақ, олардың облыс аумағындағы өзге де фактілерге қатысы тексеріледі. Күдіктілер уақытша қамау мекемесіне орналастырылды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Диас Қадыров.