Бұл туралы Павлодар облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда тізімдегі алты борышкердің бесеуінің орналасқан жері анықталды. Олардың төртеуі әкімшілік жауапқа тартылып, бір борышкер алимент бойынша берешегін толық өтеді.
Мәселен, 2023 жылғы желтоқсанда борышкерлердің біріне қатысты 9 млн теңге көлемінде алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Сот орындаушысы мәжбүрлеп өндіру шараларын қабылдағанымен, борышкердің орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаған. Осыған байланысты ағымдағы жылдың қаңтар айында ол іздеуге жарияланған.
- Облыс прокуратурасы мен сот орындаушылары жүргізген бірқатар іс-шара нәтижесінде борышкердің орналасқан жері анықталып, оның 9 млн теңге көлеміндегі алимент бойынша берешегі толық көлемде өтелді, - делінген хабарламада.
Алимент бойынша берешекті өндіру жөніндегі қабылданған шаралардың нәтижесінде бірқатар борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылды.
Борышкерлердің орналасқан жерін анықтау және алимент өндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Осыған дейін Қызылордада алимент өндіру бойынша 500-ден астам іс тиісті бақылаусыз қалғаны туралы жаздық.