Павлодар облысында балалардың қатысумен болатын жол апаттары жиілеген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жыл басынан бері аймақта балалардың қатысуымен 187 жол-көлік апаты тіркеліп, 6 бала қаза тапқан.

Фото: Kazinform

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында барлығы 585 жол-көлік тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24 жағдайға аз. Дейтұрғанмен балалардың қатысуымен болған апаттар керісінше 26 жағдайға көбейіп, 187-ге жеткен.

- Салдарынан 6 бала қаза тауып, тағы 225 кәмелетке толмаған бала түрлі жарақат алған. Қаза тапқан алты баланың үшеуі – көлік жолаушысы, үшеуі – жаяу жүргінші. Төрт жағдай Павлодар мен Ақсу қалаларында, ал екеуі облыстық және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында болған, – дейді құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің прокуроры Әсел Сүлейменова.

Ведомство өкілінің айтуынша, бұл көрсеткіштер профилактикалық шараларды тек білім беру ұйымдарының жанында ғана емес, қала көшелерінде, қала сыртындағы жолдарда және қозғалысы қарқынды бағыттарда да күшейту қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, қайғылы оқиғалардың бірінде кәмелетке толмаған баланы арнайы ұстау құрылғысынсыз (автокреслосыз) тасымалдау дерегі анықталған. Қадағалау органдары бұл жағдайды көлікте бала қауіпсіздігін сақтау талаптарын күшейту жөніндегі маңызды белгі ретінде қарастырып отыр.

Прокурорлар жаяу жүргінші балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отбасы, мектеп, жол қызметтері мен жүргізушілердің бірлескен әрекеті ауадай қажет екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, Павлодар өңірінде жол апатынан бір бала қаза тауып, үшеуі зардап шекті.