Павлодар облыстық жедел жәрдем стансасы 26 сәуір күні екпінді желдің салдарынан екі жазатайым оқиға тіркелгенін хабарлады. Алғашқы шақырту Ақтоғай ауылынан түскен. 41 жастағы әйелдің басына шифер бөлігі құлаған.
— Емделуші Ақтоғай аудандық ауруханасына сағат 15:30–да беттегі тілік жарақатымен түсті. Ауруханаға түскен кездегі жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде болды. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жағдайы тұрақтандырылды, — деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Ал Павлодар қаласында ағаштан үлкен бұтақ құлап, 34 жастағы әйел зардап шеккен. Әйелде жабық бас-сүйек жарақаты, мидың шайқалуы және маңдай тұсының қатты соққы алғаны анықталған.
Еске сала кетейік, наурыз айының басында дауыл салдарынан Павлодар өңірінде 33 ғимараттың шатыры зақымданған.