Ертіс өзенінде үш балықшы суға батып кетті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында өзеннің әлі қатпаған жұқа мұзына шыққан үш ер адам суға батып кетті. Олардың ешқайсысында құтқару кеудешесі болмаған.

Фото: Kazinform / ЖИ

Оқиға Шемонаиха ауданындағы Зевакино ауылының маңында болған. Ертіс өзеніне балық аулауға барған үш ер адам суға кетіп, қаза тапты.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қайғылы жағдайға толық қатпаған мұздың үстіне шығу және құтқару кеудешелерінің болмауы себеп болған.

– Ертіс өзенінде жұқа мұзға шыққан үш балықшы суға батып кетті. Қаза тапқандар 1984, 1960 және 1967 жылы туған азаматтар. Олар құтқару кеудешелерін кимеген. Марқұмдардың денесін ТЖД сүңгуірлері судан алып шықты, – делінген ақпаратта.

Осы ретте, Төтенше жағдайлар департаменті өңір жұртшылығына алғашқы аяз түскенде су айдындары мұз құрсана бастайтынын, алайда бұл мұз үстімен жүруге қауіпсіз дегенді білдірмейтінін ескертті.

Еске салсақ, осыған дейін Балқаш көлінде жоғалып кеткен балықшы жағалаудан 24 шақырым жерден табылғаны хабарланған.