Павлодар облысында француздық инвесторды 100 млн теңге заңсыз төлеуге міндеттеген

Фото: Максат Шағырбаев / Kazinform

Бас прокуратура француз инвесторының құқығын қорғады, деп хабарлайды Kazinform ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

«Прокуратура органдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Проблемаларды тиімді шешу, инвесторлардың құқығы мен заңмен қорғалатын мүдделерін қалпына келтіру болып табылатын басты міндет қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі. Бас прокуратура мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ (Task Force) бірлескен жұмысы шеңберінде 2018 жылдан бастап Павлодар мұнай-химия зауытында сутектерді өндіру жөніндегі жобаларды іске асыратын «Air Liquide» француз инвесторының проблемасы анықталды. Аталған француз компаниясы өнеркәсіп, денсаулық сақтау және экология үшін газ өндіруде әлемдік көшбасшы болып табылады. Павлодар облысының салық органдары инвестордың атына 99,8 млн теңге сомасына ҚҚС және кедендік баж төлеу туралы хабарламаны заңсыз енгізген. Инвесторға импортталатын тауардың жіктелуін дұрыс анықтамаған», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша 3 күн ішінде хабарлама жойылды. Жол берілген бұзушылық үшін Павлодар облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, бүгінде прокурорлар инвесторлардың 85 проблемалық кейсін шешті. Бұл жұмыс жалғасып жатыр және Бас прокуратура басшылығының бақылауында.