Матео, Мадам және Майорка есімді неміс овчаркалары Павлодар облысының түрлі аудандарында шекарашылармен бірге қызмет атқарған. Иттердің жастарын ескере келе, оларды сату туралы шешім қабылданған.
Аукцион бағаны төмендету тәсілімен өтті. Әр иттің бастапқы бағасы 935 теңге, ал ең төменгі бағасы 94 теңге болды. Нәтижесінде жануарлар бастапқы бағасымен әрқайсысы 935 теңгеден сатылды.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2015 жылғы 5 мамырдағы №32 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Шекара академиясын қызметтік жануарлармен қамтамасыз ету нормасына» сәйкес, қызметтік иттің шекті жасы 8 жас 3 ай.
- Бағаланған қызметтік жануарлардың жасы белгіленген межеден едәуір асып кеткен (9 жас). Қазіргі уақытта бұл мүлік өзінің тікелей мақсаты бойынша жартылай пайдаланылмайды және баланс ұстаушының қарамағында күтіп-ұсталуда, - делінген мүлікті бағалау туралы есепте.
Иттер ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Павлодар облысы бойынша департаментіне тиесілі болған. Сауда-саттықты «Қазспецэкспорт» ЖШС өткізді.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында иісшіл иттердің көмегімен 38 есірткі қылмысы ашылды.