Павлодар облысында көмір өндірісіне қажет 115 млн теңгенің жері мемлекетке қайтарылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұз көмір өнеркәсібін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды. Жердің жалпы құны 115 млн теңге.

Фото: АШМ

Палводар облысы прокуратурасының хабарлауынша, аталған жер учаскелері көмір өндіруші кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет. Олардың аумағы арқылы кен орындарын игеру кезінде аршылған жыныстарды тасымалдауға арналған теміржол желілері өтеді.

Алайда «Arman kala Limited» ЖШС-нің жалдауындағы жерлер нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталған. Бұл өндірістік инфрақұрылымды дамытуға кедергі келтірген.

- Прокуратураның қадағалау актісі негізінде жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап арыз берілді. Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2026 жылғы 13 шілдеде талапты қанағаттандырды. Ал 14 қазанда апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды, - деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.

Нәтижесінде жерді жалдау шарттары бұзылып, жалпы құны 115 млн теңге болатын учаскелер мемлекетке қайтарылған.

- Қабылданған шаралар Екібастұздағы көмір өндіруші кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қажетті теміржол және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға жол ашады, - деп қосты прокуратурадан.

Еске сала кетейік, прокуратура 600 млн АҚШ долларынан астам шетелдік инвестицияны қорғауға ықпал етті.