Павлодар облысында маусым айы ыстық әрі жаңбырлы болады деп күтіледі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Маусым айында ауа температурасының көтерілуі одан әрі жалғасады. Ай бойы түсетін жауын-мөлшері нормаға сай болады.

Фото: tournavigator.pro

«Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының мамандары маусым айында ауа температурасы норма шегінде болатынын хабарлады. Орташа айлық температура 19… 21 °С градус мөлшерінде сақталады.

Маусымның басында күндіз ауа температурасы 16… 21 °С –тан 22… 27 °С- қа дейін күрт көтеріледі деп күтілуде. Екінші онкүндіктің басында күндіз 22… 27 °С –тан, 31… 36 °С –қа дейін ысиды. Ал айдың соңында ауа температурасы 33… 38 °С дейін көтерілуі мүмкін.

— Ай бойы найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жиі жауады деп күтіліп отыр. Найзағай кезінде желдің екпіні 15-20 метрге күшейіп, жекелеген аудандарда бұршақ жаууы ықтимал. Экстремалды мәндер туралы айтатын болсақ, маусым айындағы ең жоғары температура 41 °С 1988 жылы тіркелген. Ал ең төменгісі — 2 °С үсік, 1971 жылы байқалған, — дейді  «Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының ауа райын болжау бөлімінің басшысы Ирина Анохина.

Мамандар ауа температурасы ай бойы құбылып тұратынын айтады. Жауын-шашынға байланысты температура кейде күрт төмендеуі ықтимал. Ал жауын-шашын айлық норма шамасында болады.

Еске сала кетейік, Павлодарда суға түсу маусымына дайындық басталды.