Павлодар облысында мемлекетке мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды

АСТАНА.KAZINFORM - Ертіс ауданы прокуратурасы жалпы ауданы 89 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің тиімсіз пайдаланылу фактілерін анықтаған.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Жер ресурстары агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі факторларының бірі болып саналады.

Заңнамада жайылымдарға түсетін еңтөменгі жол берілетін жүктеме бойынша талаптар көзделген. Өйткені ауыл шаруашылығы жануарларының жеткілікті саны жердің құнарлылығын сақтауға, мал азығы қорын қалпына келтіруге жәнет опырақтың тозуының алдын алуға ықпал етеді.

Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде 54 жер пайдаланушының ауыл шаруашылығы алқаптарын жер заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдаланғаны анықталды.

Жалпы ауданы 56 мың гектардан асатын жер учаскелеріне қатысты 15 дерек бойынша материалдар шаралар қабылдау және тиісті тексерулер жүргізу үшін Павлодар облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кадастрлық құны 18 миллион теңгеден асатын 2 531,2 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жер учаскелері Ертіс ауданының арнайы жер қорына енгізілді.

Алдағы уақытта олар заңнамада белгіленген тәртіппен азаматтарға шаруа және фермер қожалықтарын жүргізу үшін берілетін болады.

Айта кетейік, Қостанай облысында құны 582 млн теңге болатын жер мемлекетке қайтарылды.