Павлодар облысында өртенген жерлердің көлемі 8,5 есе ұлғайған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде биыл орманды-далалы жерлерде 928,7 гектар аумақ отқа оранған. Келтірілген материалдық шығын 19 млн теңгеден асты.

Фото: ТЖМ

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл өңірде барлығы 135 орман өрті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,6 пайызға аз. Алайда өрт санының төмендеуіне қарамастан, от шарпыған аумақ көлемі айтарлықтай ұлғайған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,5 есе өсіп, 928,7 гектарға жетті. Ал материалдық шығын көлемі өткен жылмен салыстырғанда үш есе артып, 19 млн теңгеден асты.

— Өрт оқиғаларының басым бөлігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болды. Атап айтқанда, 98 жағдай немесе жалпы өрттің 73 пайызы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында тіркелді. Ал жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы ормандарда 37 өрт оқиғасы болған, — дейді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.

Мамандардың айтуынша, өрттің негізгі себептері –найзағайдың түсуі мен адами факторы. Найзағай түсу салдарынан 104 өрт шыққан. Бұл жалпы оқиғалардың — 78 пайызы.

Еске сала кетейік, ШҚО-да пешті пайдалану ережелерінің бұзылуынан 20-дан аса үйде өрт шықты.