Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Баянауыл су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2025 жылға бекітілген тарифтік сметасының орындалуына талдау жүргізген.
- Талдау қорытындысы көрсеткендей, кәсіпорынның негізсіз алған кірісінің жалпы сомасы (Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып) - 1 млн 952,7 мың теңге. Осыған байланысты департамент 2026 жылғы 18 қарашадағы бұйрығымен кәсіпорынға 2027 жылға уақытша өтемдік тарифтер бекітті. Жаңа тарифтер келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, - деп хабарлады департаменттен.
Атап айтқанда, сарқынды суларды бұру қызметінің орташа тарифі бір текше метріне 68,32 теңге болып белгіленді. Бұл бұрынғы бағадан 15,23 теңгеге немесе 18,23 %-ға төмен.
Жеке тұрғындарға және жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу, сондай-ақ сумен жабдықтау, су бұру саласында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдарға арналған тариф - 64,40 теңге. Бұрынғы бағамен салыстырғанда 14,12 теңгеге немесе 17,98 %-ға азаяды.
Өзге тұтынушылар үшін тариф бір текше метріне 72,22 теңге болып бекітілді. Төмендеу мөлшері – 16,11 теңге немесе 18,23 %.
Ал бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар үшін тариф 98,47 теңгеге дейін түсірілді. Бұл – бұрынғы тарифтен 38,76 теңгеге немесе 28,24 %-ға төмен.
Жаңа тарифтер 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
Бұған дейін Петропавлда су тарифі өзгеруі мүмкін екенін жазғанбыз.