Жеңіс күні аясында қарт майдангерлер мен оларға теңестірілген санаттағы азаматтарға бірреттік әлеуметтік төлем аударылған.
Облыста әрбір ардагерге 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілді.
— Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлемдер қарастырылған, бұл 10 мың АҚШ долларынан асады. Қазіргі уақытта бұл төлемдер толық көлемде жүргізілді. Қаражат аудан-қалалардың бюджетінен бөлінген. Облыста қазіргі таңда 4 соғыс ардагері тұрып жатыр, — деп хабарлады облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан.
Ардагерлер Мария Матюшина мен Василий Григораш биыл 100-ге келді. Ал Николай Ступко мен Сергей Выжутовичтің жастары 99-да.
Сондай-ақ Жеңіске үлес қосқан азаматтардың өзге де санаттарына қосымша әлеуметтік төлемдер жүргізілген.
Атап айтқанда:
— концлагерьлер тұтқындарына (тұтқын кезінде кәмелетке толмағандарға) — 200 000 теңге;
— Соғыс жылдары тылда еңбек еткендерге — 100 000 теңге;
— Ленинград қоршауында болғандарға — 150 000 теңге;
— Қайтыс болған соғыс ардагерлерінің жесірлеріне — 60 000 теңге.
Жалпы алғанда, бұл төлемдерді 2223 адам алыпты.
Бұған дейін Түркістан облысында қанша ардагер тұрып жатқанын зерделеп көрген едік.