«Кешенді жұмыстардың нәтижесінде Павлодар облысында су тасқыны жағдайы тұрақтанды. Облыс бойынша су тасқынының алдын алу және салдарын жою іс-шараларына барлық күш пен құрал жұмылдырылды. Атап айтқанда, 238 адам, 109 бірлік техника, 13 мотопом тартылды. Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті билік органдарының күшімен су тасқынына қарсы жұмыс басталғалы бері 651 мың текше метрден астам еріген су сорылды және 21 140 қап құм мен 4 560 тонна инертті материалдар төселді», - деді Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, Павлодар облысы бойынша су тасқыны басталғалы адам және мал шығыны тіркелген жоқ.
Сондай-ақ, Асайын Байханов өңірдегі жедел штабтың тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанын және жағдай жеке бақылауында екенін айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендер өтемақы ала бастады.