Павлодар облысында туристер саны 31% артты

Фото: Валерий Бугаев

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысында туристер саны 31% артты. Осыған орай Kazakh Tourism ұлттық компаниясы өңірдегі туризм саласы өкілдеріне арнап оқыту семинарын өткізді, деп хабарлайды облыстық спорт және туризм басқармасы.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Павлодар облысындағы орналастыру орындарына 129 мыңға жуық турист тоқтады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31% көп.

Көрсеткіштің өсімін ескерген өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жергілікті туристік бизнеске арнап оқу семинарын ұйымдастырды.

Шара кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға, туристік өнімдерді дамытуға және сервис сапасын жақсартуға бағытталды. Ауылдық және агротуризмде бәсекеге қабілетті қызметтерді қалыптастыруға басымдық берілді.

«Турист тарту ғана емес, олардың болуына қолайлы жағдай жасау маңызды. Өңірдің бизнесті оқытуға көңіл бөлуі құптарлық. Бұл тұрақты туристік экожүйені қалыптастыруға ықпал етеді», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Семинар барысында Kazakh Tourism өкілдері аграрлық және ауылдық туризмді дамытудың келешегін, туристік қызметтерді стандарттаудың жолдарын, «Сапа белгісі» бағдарламасын және гидтердің жұмысын цифрландырудың маңызын түсіндірді. Қатысушыларға ауылдық жерлерде туризмді дамытуға арналған нақты тәжірибелік кейстер ұсынылды.

Айта кетейік, «Сапа белгісі» бағдарламасы қонақжайлылық мәдениетін арттыруға және елдегі туристік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. 2021 жылдан бері 200-ден астам компания өз қызметін туризм индустриясы стандарттарына сәйкестендірген. Бағдарлама аясында туристік операторлар мен қонақүйлерге, қоғамдық тамақтану орындарына екі деңгей бойынша мәртебе беріледі: «Very Nice» және «Nice».

Еске салайық, бұған дейін Павлодар көшелерінде бет-әлпетті танитын бейнекамералар орнатылып жатқаны хабарланды.