Павлодар облысында тұтынушылардың 32 млн теңгеден аса қаражаты қайтарылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңір тұрғындары сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінгеннен кейін тауар немесе қызмет үшін төленген ақшасын қайтарып ала алған. Көп жағдайда тұтынушыларға өз құқығын сотта дәлелдеуге тура келген.

Фото: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен хабарлағандай, жыл басынан мекемеге 931 өтініш түскен. Шағымдар саны өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға өскені байқалып отыр.

— Өтініштерді қарау қорытындысы бойынша тұтынушыларға 32 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар, сот шешімдерімен азаматтардың пайдасына 25,5 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Талдау көрсеткендей, ең проблемалық салалар келесідей: бөлшек сауда — өтініштердің 49,8%-ы; тұрмыстық қызмет көрсету — 16,7%; электрондық сауда — 15,5%, — деп атап өтті департаменттен.

Бұған қоса кәсіпкерлердің тұрғындардан түскен шағымдарды қарау талаптарын сақтамауы құқықбұзушылықтың ең көп таралған түрі болып отыр. Кәсіпкерлер тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартады, тауарларды витринада көрсетілген бағадан қымбатқа сатады. Ал кейбір сатып алушылар тауар бағасының көрсетілмеуіне шағымданған.

Тұтынушыларды тауардың сипаттамалары мен сапасы бойынша жаңылыстырған жайттар да кездескен. Тағы бір сатушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті рұқсат етілген сауда үстемесін жиі асырып жіберген.

Жыл басынан сауда қызметін реттеу туралы заңнаманы бұзудың 80 дерегі анықталды. 75 кәсіпкерге жалпы сомасы 2,2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Еске сала кетейік, елімізде тұтынушылардың 400 миллион теңгеден астам қаражаты қайтарылды.