«Павлодар облысында жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 26,6 мың жұмыс орнын құру көзделген, оның 71%-ы тұрақты. Дейтұрғанмен бұл көрсеткішті біз асыра орындаймыз деп үміттенеміз. Былтыр 25,2 мың адамды еңбек орындарымен қамту жоспарда болғанымен шын мәнінде 30,6 мың адам екі қолға — бір күрек тапты. Құрылған жұмыс орындарының 20,1%-ы -сауда-саттық, 13,3% — ауыл шаруашылығы, 11,3% — білім және 107%-ы өнеркәсіп салаларында. Жас кәсіпкерлерді қолдауға басымдық беріледі. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы мөлшерлемесі 2,5%-бен жалпы сомасы 820 млн теңге бөлінеді. Бұл 164 жас кәсіпкердің өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік тудырады», - деп мәлімдеді өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан.
Бұған қоса ауыл шаруашылығы саласында да шағын несиелер беріледі. Ал өздерінің инновациялық бизнес-идеяларын ұсынатын азаматтар 1,4 млн теңгелік қайтарымсыз гранттарды иелене алады. Мұндай мүмкіндікке 443 азамат ілігеді деген жоспар бар.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында білім, ауыл шаруашылығы, медицина салаларында мамандар тапшылығы сезіледі.