Павлодар облысында жыл басынан 70 адамды кене шаққан

Фото: Фото: pixabay

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мамандар оңтүстік өңірдің жәндіктерімен салыстырғанда біздің облыстағы кенелер аса қауіпті емес екенін айтады. Олар туляремия, кенелік риккетсиоз ауруларын тудыруы мүмкін.

Жыл басынан бері Павлодар облысында 70 адамды кене шағу фактісі тіркеліп, олар медициналық көмекке жүгінген.

Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар орталығы

«Біздің өңірімізде кездесетін кенелер адамды шаққанымен аса қауіпті ауруларға себеп бола алмайды. Олар туляремия, кенелік риккетсиоз ауруларын тудыруы мүмкін. Көбіне Павлодар, Ақсу, Аққулы, Шарбақты, Май аудандарының жайылмаларында кездеседі. Бұл жәндіктер кене энцефалиті ауруын тудырмайды. Былтыр 9 адамда кене риккетсиозы тіркелді. Барлық жағдайлар науқастардың сауығымен аяқталды. Биыл 5 айда кене риккетсиозының 3 жағдайы анықталды», - дейді Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Құралай Әбдірахманова.

Мамандардың сөзінше, кене маусымы жаз бойы жалғасады, тек алғашқы қар түскенде ғана қауіпті кезең аяқталады.

Еске сала кетейік, СҚО-да күн жылынғалы кене шаққан 350 адам дәрігерге қаралды.

 

Фото: