Павлодар облысында жылына 75 мың тонна макулатура өңдейтін зауыт салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Павлодар облысында «QazRoyalPak» ЖШС-нің макулатураны қайта өңдеу жобасы іске асырылып жатыр. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін жылына 75 мың тоннаға дейін қағаз қалдықтарын қайта өңдей алады, деп хабарлайды ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Экология министрлігі

Жобаның құны шамамен 10,8 млрд теңгені құрайды. Жоба «Жасыл даму» АҚ бағыттаған кәдеге жарату төлемдері есебінен қаржыландырылды. Қаражат толық көлемде игерілді.

Фото: ҚР Экология министрлігі

Қазіргі уақытта жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асырылып жатыр. Өндірістік цехтардың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар жабдықтарға арналған іргетастарды салу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

«QazRoyalPak» ЖШС директоры Гүлнара Қайдарованың айтуынша, жобаны іске асыру кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.

Фото: ҚР Экология министрлігі

-Біз үшін бұл жоба өндірісті дамытудың маңызды кезеңі. Өндірістік қуатты арттыру макулатураның едәуір көп көлемін қайта өңдеуге және қайталама шикізатты өндірістік циклде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Гүлнара Қайдарова.

Жобаны іске асыру Павлодар облысында макулатураны қайта өңдеу бойынша қосымша өндірістік қуаттарды қалыптастыруға және қағаз қалдықтарын қайта айналымға тарту көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Фото: ҚР Экология министрлігі

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға және заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруды жалғастырып келеді.

Еске сала кетейік, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы сомасы шамамен 116 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны қаржыландырды. Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға, қалдықтарды көму көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді.

Осыған дейін Алматыда макулатура өңдейтін кәсіпорындардың қуаты жылына 200 мың тоннадан асатыны туралы жаздық.