Павлодар облысында жолаушылар автобусы аударылып, бір адам қаза тапты

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында жолаушылар мінген автобус аударылып, бір жолаушы қаза тауып, алтауы жарақат алған. Бұл туралы Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады. 

Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. 

— Алдын ала мәліметке сәйкес, 7 қараша күні «Павлодар–Қызылорда» автожолында, Шідерті кентінен 10 км жерде рейстік автобус жол жиегіне аударылып қалған, — делінген хабарламада.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.

— Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жол жүру ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауды, әсіресе қозғалысы қарқынды учаскелерде, көлік құралдарының техникалық жағдайын қадағалауды және ауа райының өзгеруін ескеруді еске салады, — делінген хабарламада. 

Айта кетелік Семейден Павлодарға бет алған 50 автокөлік боранда жолға шыға алмай тұрғаны туралы жазған едік