Ертіс ауданының прокуратурасы автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізген.
Тексеру барысында Успен ауылдық округі әкімінің аппараты іс жүзінде жөнделмеген ауылішілік жол учаскесі үшін «МКК-Элит Строй» ЖШС-не 45 млн теңгені заңсыз аударғаны анықталды.
– Ертіс ауданының прокуратурасы автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде заңдылықтың сақталуына жүргізген тексеру барысында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады. Атап айтқанда, Успен ауылдық округі әкімінің аппараты жөнделмеген ауылішілік жол учаскесі үшін «МКК-Элит Строй» ЖШС-не заңсыз түрде 45 млн теңге аударған. Аталған факті бойынша прокуратура әкімдік пен мердігер ұйымның лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазіргі уақытта тергеуді Павлодар облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті жүргізіп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Никольское ауылында жол жөндеуге бөлінген 78 млн теңгенің жымқырылғаны анықталған еді. Аталған дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталды.