Павлодар облысындағы ауылдың бірінде тозған бөгет қалпына келтірілді

Фото: KAZ Minerals

ПАВЛОДАР.KAZINFORM – Павлодар облысындағы Төртқұдық ауылында қираудың алдында тұрған бөгет қалпына келтірілді. Елді мекеннен 7 шақырым қашықтықта орналасқан бұл бөгеттің жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор. Ауылдықтардың  мал шаруашылығымен айналысып, отбасын асырауға мүмкіндік беретін жалғыз су көзі осы бөгет, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Соңғы уақытқа дейін бөгет қирауға шақ қалып, Күрті су қоймасының толықтай құрғап қалу қаупі төнген еді. Әсіресе соңғы жылы су деңгейі айтарлықтай төмендеді. Биылғы жазда ауыл әкімі мен Төртқұдық тұрғындарының өтінішінен кейін бөгетті қалпына келтіру жұмысын KAZ Minerals Bozshakol компаниясы өз қолына алды.

Фото: KAZ Minerals

Ұзындығы 70, ені 7 метр болатын бөгет барлық гидротехникалық талаптарға сай күшейтілді. Жобаның құны – 100 мың доллар.

- Су ресурстарын үнемдеу соңғы жылдары өзекті мәселелердің бірі еді. KAZ Minerals Bozshakol компаниясының арқасында тұрғындарымызды алаңдатқан бір шаруа шешімін тапты. Енді біз су қоймасының сақталып, малшыларымыздың жайылым үшін алаңдамасына сенімдіміз, - дейді ауыл әкімі Жанар Уалинова.

Фото: KAZ Minerals

Мәселе шешілді. Жөндеу жұмыстарынан кейін, 11 қазаннан бастап су қоймасы қайта тола бастады.

- Біз үшін су қоймасы – тіршілік көзі. Бөгет жөнделгеннен кейін енді жайылымдарымыз мен малымыз сусыз қалмайды. Бізге көмек қолын созған компания мен қойманы қалпына келтіруге жәрдемдескен баршаңызға алғысымыз шексіз, - дейді Төртқұдық ауылының тұрғындары.

Бөгетті қалпына келтіру жобасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын көрсеткіші болды. Ауыл тұрғындары жөндеу жұмысының алғашқы нәтижелерін көре бастады.

Фото: KAZ Minerals

- Біз нысанға алғаш келгенде бөгеттің зақымдалған бөліктерінен басқа, алдағы уақытта бұзылуы мүмкін әлсіз тұстарын да анықтадық. Барлығын мұқият тексеріп, жоспар құрғаннан кейін жұмысты жоғары сапада әрі қауіпсіздіктің барлық талабына сай жүзеге асырдық, - KAZ Minerals Bozshakol компаниясының бас директоры Джейми Каратти.

Компания жетекшісі жобаны қысқа мерзімде жүзеге асырған зиянды қалдықтар қоймасының жұмысшылары мен «Элеватормельстрой» АҚ қызметкерлеріне ерекше алғысын білдірді.

- Біз облыс тұрғындарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіміздің шеңберінде осындай бастамаларға атсалысқанымызға қуаныштымыз. KAZ Minerals әрдайым «жақсы көрші» болуға тырысады және біз бүгін соны көрсете алдық деп ойлаймын. Біздің рудниктің жұмыс істеу мерзімі 40 жылдан асады, ал бөгеттің одан да ұзақ тұрарына сенімдімін, - деп мәлімдеді KAZ Minerals Bozshakol компаниясының бас директоры Джейми Каратти.