Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 29 наурыз күні сағат 21.00-дегі жағдай бойынша, Ақсу қаласында, Павлодар, Ақтоғай, Ертіс, Май, Успен, Железин аудандарында, сондай-ақ, Аққулы ауданында 10 учаске бақылауда тұр. Бұл жерлерде жалпы саны 12 үйді су басу қаупі сақталып отыр.
«Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде суды сорып шығару, инертті материал төсеу және т. б. жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыста 6 тұрғын үйді су басты, олар Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында, Успен ауданының Успен, Вознесенка, Белоусовка ауылдарында, Павлодар ауданының Розовка ауылында және Аққулы ауданының Қазы елді мекенінде орналасқан», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға 243 адам, 78 арнайы техника, 22 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылды. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Барлығы 34,4 мың текше метр су сорып шығарылған. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қауіпте учаскелерде 880 қап инертті материал төсеп, 320 тонна инертті материал төккен.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жазғандай, жалпы, өңірде су басу қаупі бар 20-ға жуық елді мекен күнделікті бақылауда. Олардың ішіндегі ең күрделісі - Розовка ауылы.
«Бүгін жұмыстардың барысын, техниканың, күштер мен құралдардың болуын бақылау үшін ауылға барып келдім. Даладағы судың басым бөлігі ағып өтті, бірақ, әлі де келіп жатыр. Оның көлемінің ұлғаю қаупі бар, өйткені, жаңбыр жауады деп күтіліп отыр. Ертең ТЖД-мен бірлесіп іс-қимыл жоспарын құру, қардың еру ауқымын бағалау және су басу қаупі жоғары учаскелерді белгілеу үшін облыстың ауылдарын ұшақпен аралап өтуді жоспарлап отырмын», - деп жазды өңір басшысы.
Ал Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Розовка және Ефремовка ауылдарында жалпы саны 981 ауланың 74-іне су кірген. Ефремовка ауылынан 2 адам эвакуацияланып, туыстарына орналастырылды, мал қауіпсіз жерге шығарылды. Тәртіп сақшылары құтқарушылармен бірге су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене араласып жатыр.