Павлодар облысының елді мекендерінен 753 мың тонна қар шығарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу үшін барлығы 2386 адам мен 763 техника топтастырылған.
Павлодар облысында «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссияның және басқа да мүдделі органдардың қатысуымен отырыс өткізіліп, негізгі мәселелер нақтыланды. Баянауыл ауданының әкімдігінде жедел штаб құрылды.
- Қ.Сәтбаев ауылында жылжымалы басқару пунктін, құрама эвакуациялық пунктті орналастыру іс жүзінде пысықталды. Бұдан бөлек, халықты эвакуациялау, қар шығару (1452 текше метр қар шығарылды), қапшықтарды төсеу, еріген суды сору және малды қауіпсіз орындарға айдау бойынша іс-шаралар атқарылды. Облыс бойынша 40-қа жуық практикалық іс-шаралар өткізілді. Қатысушылар қар шығару, топырақ үйінділері мен бөгеттерді нығайту, су өткізу құбырларын тазарту, су бұру арналарын жайластыруды жүзеге асырып, эвакуациялық пункттер тексерілді және эвакуациялау маршруттары пысықталды. Жалпы қыс мезгілінің басынан облыстың елді мекендерінен 753 мың текше метр қар шығарылды, - деп хабарлады өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Оқу-жаттығуға 302 бірлік техника мен 635 адам жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар қызметкерлерімен қатар, жергілікті атқарушы органдар, полиция, жедел жәрдем қызметкерлері және еріктілер тартылған.
Еске сала кетейік, Ертіс өзеніне су жіберуге дайындық шаралары басталды.