Павлодар облысындағы энергетикалық кешендер жылына шамамен 30 млн тонна көмір және 65 мың тонна мазут тұтынады. Облыстың энергия көздері үшін көмірдің негізгі жеткізушілері - «Богатырь Көмір» және «Шығыс» кеніштері. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты стансаларға мазут жеткізеді.
- Көмір тұтыну бойынша алып қарайтын болсақ, «Екібастұз ГРЭС-1 станциясы» ЖШС бір жылда -12,5 млн тонна көмір мен 9 мың тонна мазут, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ - 4,3 млн тонна көмір мен 5,7 мың тонна мазут, «Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ - 7,2 млн тонна көмір мен 8 мың тонна мазут сатып алады. Өзге бөлігі «Қазақстан алюминийі» АҚ ЖЭО, «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-2 және ЖЭО-3 стансаларына, Екібастұз жылу орталығы «Energy Solutions» ЖШС-не тиесілі, - деп хабарлады Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасынан.
Өңірде биыл көмір бағасының өсуіне жол берілмейді делініп отыр. Ол үшін аталған басқарма көмір өндіруші кәсіпорындармен «Павлодар облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы» меморандум жасаған. Қазіргі уақытта бір тонна тас көмірдің бағасы - 4,2 мың теңгені және қоңыр көмірдің босатылу бағасы - 8,3 мың теңгені құрап отыр.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласына 9 қыркүйектен жылу беріле бастады.