Павлодар облысының халқы тәулігіне 74 мыңнан астам бөлке нан тұтынады

Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс бойынша 69 наубайхана мен 31 кондитерлік цех бар. Олар айына 2,2 млн бөлке нан пісіреді. 

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, өңір халқы күніне дүкендерден 74, 3 мың бөлке нан сатып алады.

— Облысымыз бойынша нанға орташа айлық қажеттілік — 1 млн 852 мың бөлке. Оның ішінде 1,2 мың тоннасы формаланған нан. Кейде айына 2 млн 230 мың бөлке нан пісіріледі. Аймақта 69 наубайхана мен 31 кондитерлік цех бар, олардың барлығы күнделікті нан пісірумен айналысады. 2025 жылғы қаңтар-тамыз аралығында жаңа піскен нан өндірісі 11 274 тонна. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға көп. Осыған қарағанда тұрғындар тарапынан нан өнімдерін тұтыну өскен, — деп хабарлады басқармадан.

Формаланған нанның тәуліктік қажеттілігін өндіру үшін 29,7 тонна бидай ұны қажет.

Еске сала кетейік, Павлодарда тұрақтандыру қорына 10 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбіз салынады.