Осыған орай облыстық білім беру басқармасы облыс тұрғындарын барабан жинауға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Дәуеновтің айтуынша, тұрғындардың барабандарды Павлодар қаласындағы М.Катаев атындағы оқушылар сарайына әкеліп тапсыруына болады. Ал, шеру 1-маусым күні орталық алаңда өтеді.
- Біздің өтінішімізге құлақ асып, көмек көрсетем деген тұрғындар болса, барабандарды М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайына әкеліп берулеріңізге болады. Біз барабанның қандай түрі болса да қуана қабылдаймыз. Мәселен, екі жақтысын немесе біржақтысын, ескісін де, жаңасын да қабылдай береміз. Тұрғындардың бұл сыйлығы біздің талантты оқушыларымыз үшін маңызды. Олар шеруде осы аспаптарда ойнайтын болады, - дейді Ернұр Дәуенов.
Аталмыш шеруге 45 балалар және жастар музыкалық ансамблі, өңірдегі көптеген оқу орын ұжымдарынан 4500 оқушы қатысады. Мерекелік шеруде үрмелі аспаптар оркестрі, қазақ және орыс халқының ішекті аспаптар ансамблі, сондай-ақ, би және хор ұжымдары өнер көрсетеді.