Павлодар облысы Аққулы ауданында төрт мешіт қызметі тоқтатылады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚМДБ Павлодар облысы Аққулы ауданына қарасты Қазы, Малыбай, Шақа және Қызылқоғам ауылдарындағы мешіттердің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Аталған ауданнан бөлек, Ақтоғай ауданындағы Айтым, Шолақсор; Тереңкөл ауданындағы Жасқайрат; Шарбақты ауданындағы Малиновка ауылдарындағы мешіттердің жұмысы тоқтатылмақ. Бұл туралы облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Дәулет Зәкәриянов мәлімдеді.

«Бұл аталған шалғай ауылдардағы халық санының азаюына байланысты туындаған объективті жағдай, - деді Дәулет Зәкәриянов. - Жабылған мешіттерді заңды тіркеуден шығарып, алдағы уақытта оларды намазхана ретінде тіркеуді жоспарлаудамыз».

Дейтұрғанмен, діни орындарды салу бастамалары көптеп түсуде.

Дәулет Зәкәрияновтің айтуынша, Ақсу қаласына қарасты  Ақсу кенті және Еңбек ауылдық аймағы, Шарбақты ауданына қарасты Арбиген ауылдарында мешіт құрылыстары аяқталуға жақын.

Сонымен бірге, таяуда Май ауданы Малайсары аулының мұсылмандарына ескі мешіттің орнына салынған жаңа ғибадатхана пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, қазіргі кезде облыста түрлі діндердің 135 ғибадатханасы жұмыс істейді. Олардың 94-і мешіт, 19-ы православ шіркеуі, төртеуі - католик шіркеуі, 17-ы - протестант сыйыну үйлері және бір иудей синагогасы.

Соңғы жаңалықтар