Павлодар облысы бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысы бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаулыда балабақшалардың жұмысына рұқсат берілетіні айтылған.

«ҚР Бас санитар дәрігерінің №36 қаулысы бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жұмысына рұқсат етілсін», - делінген құжатта.

Сондай-ақ, арнайы мамандандырылған ұйымдардың, ерекше білім беру қажеттілігі бар арнайы мектеп-интернаттардың, балалар үйінің, жалпы үлгідегі мектеп-интернаттардың қызметіне рұқсат берілетіні айтылған.

Ал сенбі күндері саяжайға қатынайтын автобустардан басқа қоғамдық көліктің бәрі жолаушы тасымалдайтын болды. Ол үшін қарбалас сағаттарда автобус санын көбейтіп, кондукторлар жолаушылардың орындық саны бойынша ғана кіруін қадағалауы керек. Сондай-ақ, соңғы аялдамаға тоқтаған сайын дезинфекциялау шаралары жүргізіліп, автобус ішінде маска режимі қатаң сақталуы шарт. Алматыдан өзге өңірлер сияқты Павлодар облысында да қоғамдық көлік жұмысына шектеу тек жексенбі күні қойылып отыр.

«ҚР Бас санитар дәрігерінің №36 қаулысы бойынша облыс көлемінде 2021-2022 оқу жылында барлық меншік нысанындағы және ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс істесін», - деп жазылған құжатта.

Құжат 28 тамыз күні сағат 0.00-ден бастап күшіне енеді.