Бұл туралы «Ертіс орманы» резерваты Бесқарағай филиалы директорының міндетін атқарушы Ризат Нығманов мәлім етті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
«Орманшылар өртті 16.00-де анықтап, екі сағаттан кейін толығымен сөндірген. Көкжал орман шаруашылығының жайылымында, яғни, 92, 95, 96 орамында орын алған тілсіз жауды ауыздықтауға екі өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамнан 12 адам жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша өрт қасақана қойылған. Алайда бұл жорамал тексеру амалдарының қорытындысынан кейін белгілі болады», - деді Р. Нығманов. Бесқарағай филиалына алты орман шаруашылығы кіреді. Бұл - Майқарағай, Тайғабар, Бәйімбет, Бесқарағай, Көктерек, Маралды және Көкжал орманшылықтары. Ең ірі аумақты алып жатқан Көкжал орманшылығының көлемі - 24 572 гектар жер. Еске сала кетейік, бұған дейін осы аптада Май ауданына қарасты бос жатқан жердің 120 гектары қызыл жалынға оранған.