Павлодар облысы мен Корея арасындағы тауар айналымы 50 млн. долларға өсті

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чо Ёнг-чонды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық әкімдікке сілтеме жасап.

Бүгінде Павлодар облысының Корея республикасымен сауда-экономикалық қарым-қатынасы негізінен машина жасау өнімдерінің импортымен ұсынылған: өздігімен жүретін бульдозерлер, автогрейдерлер, жоспарлаушылар, бекіткіштер, экскаваторлар, медициналық аспаптар мен құралдар, аппаратуралар. Өткен жылы өңірдің Кореямен сыртқы сауда көлемі 6 миллион доллардан асты. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша, өзара тауар айналымы едәуір ұлғайып, 56 миллион долларды құрады.

«Павлодар облысы мен Корея республикасы табысты серіктес болатынына сенімдімін, бізде ол үшін барлық алғышарттар бар», - деді облыс әкімі.

- Металлургия, химия және мұнай-химия, сондай-ақ тау-кен игеру - аймағымыздың негізгі өндірістік салалары. Сонымен бірге, жеңілдіктер қарастырылған «Павлодар» еркін экономикалық аймағы да жұмыс істейді.

Болат Бақауов облыста кореялық компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктер барын атап өтті. Одан бөлек, келесі жылы онкологиялық диспансердің құрылысы басталады және жаңа мекеменің жабдықтарын жеткізуде әкім корейлік тарапқа сенім артып отыр.

Кездесу соңында облыс әкімі Корея Республикасының өкілдерін 2 қараша күні Павлодарда өтетін «Ертіс Инвест-2016» Халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды. 

Соңғы жаңалықтар