Павлодар облысы: Тұрақтандыру қорында 6,9 мың тонна өнім бар

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысындағы тұрақтандыру қорында 1,6 млрд теңге сомасындағы 6,9 мың тонна өнім бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев мәлім етті.


- Біздің басты міндетіміз - азаматтардың тыныс-тіршілігін азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен үздіксіз қамтамасыз ету. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мақсатында облыста бірқатар шаралар қабылдануда, - деді Ернұр Жәутікбаев. - Баға жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Осы жұмыс шеңберінде бағаның өсуіне жедел ден қою үшін әкімдіктер мен кәсіпкерлік және индустриялық- инновациялық даму басқармасы жанынан «Жедел желілер» және «WhatsApp арналары» құрылды. Сонымен қатар, азаматтар «109» қызметіне жүгіне алады.

Оның айтуынша, тұрақтандыру қоры «Көтерме қойма» режимінде жұмыс істейді, яғни қажетті өнімді тұрақты негізде сату және сатып алу.
Тұрақтандыру қорының өнімдері «Тұрақтандыру қорының серіктес дүкендері» 206 сауда нүктесі арқылы сатылады.
Спикер тұрақтандыру қорындағы қаражат жеткілікті, қажет болған жағдайда тұрақтандыру қорын толықтыру үшін бюджет қаражаты қосымша бөлінетін болады деп сендірді.
«Айналым схемасы» шеңберінде несие беруге 1,85 млрд теңге көзделген, оның 632 млн теңгесі шекті нормадан аспайтын бағалар бойынша тауарлардың 13 атауын сату үшін 7 кәсіпорынға берілді.
Сондай-ақ, өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
- Облыстың 33 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен қысқы-көктемгі кезеңде белгіленген бағамен сату үшін 30 мың тонна картоп және 6 мың тонна сәбіз отырғызу, облыстың 4 ірі сауда желісімен (Смолл, Гринвич, Инмарт, Лидер), оның шеңберінде желілер картоп пен сәбізді 125 теңгеге дейінгі бағамен сататын болады, - деді Ернұр Жәутікбаев.

Сонымен қатар, 7 сүт кәсіпорындарымен («Павлодармолоко» ЖШС, «Молком Павлодар» ЖШС, «Сүт» АҚ, «Best Milk» ЖШС, «FreshMilk» ЖШС, «сүт өнімдері» ӨФ, «Рагтайм» ШҚ) және 11 сүт-тауар фермаларымен сүт өнімдеріне бағаның көтерілмеуі туралы меморандумға қол қойылды.
Басқарма басшысының пікірінше, аталған барлық шаралар бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.