Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару жоспарланып жатқанын атап өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Павлодар облысына 80 мың доза бөледі. Вакцина 1 ақпаннан бастап кезең-кезеңімен жеткізіледі.
«Вакцина Сұлтанов атындағы облыстық аурухана базасындағы мұздатқышқа жеткізіледі. Онда 2,2 куб метрлік мұздатқыш бар. Бұл бірінші кезеңдегі вакцинаны қабылдап алуға жеткілікті. Қосымша 1,2 куб метрлік 3 мұздатқыш сатып алынады», - деді Айдар Сейітқазинов.
Басқарма басшысының айтуынша, КВИ-ға қарсы вакциналауды жүргізу үшін медицина қызметкерлері оқытылды. Облыста 1125 қызметкер вакциналаумен айналысады. Оның ішінде дәрігерлер мен орташа деңгейдегі қызметкерлер бар.
«Облыста вакциналанатын азаматтар тізімі - 85704. Бұл нақты сан емес. Сондықтан өзгеруі мүмкін. Вакцинаны уақытында егу вакцинаға қатысты клиникалық көрсеткіштерге, адамдардың өз еркімен егілуіне, егілетіндердің эпидемиологиялық статусына байланысты, - деді Айдар Сейітқазинов.
Вакциналауға алдымен медицина қызметкерлері, педагогтар, құқық қорғау және күш құрылым қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, студенттер, жабық балабақшалардың мамандары кіреді. Сондай-ақ созылмалы аурулары бар адамдар кіретін болады.
«Ақпанда алғашқы болып жеткізілетін вакцина медицина мамандарына егіледі. Жоспар бойынша 9 мыңға жуық медицина қызметкері қамтылады. Мұнда стационарлардың және жедел жәрдем қызметкерлері кіреді», - деді басқарма басшысы.
Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, вакциналауға дайындық үшін облыста ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек. Оған қоса, тұрғындар сұрақтарына жауап алу үшін жедел желі құру қажет.