Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Онда жарияланған мәліметтерге қарағанда, бүгінгі күні 14 014 ПТР-зерттеу жүргізіліп, COVID-19-дың шеттен әкелінген 108 жағдайы тіркелген.⠀
Шектеулер шаралары енгізілген сәттен бастап Павлодар облысына 52 133 адам (орташа есеппен тәулігіне 150-400 адам), оның ішінде 32 980 - халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүргізушілер және 19 153 жолаушы келген.⠀
ПТР-тексеру үшін карантиндік стационарларға 1 915 ҚР азаматы орналастырылған. Анықтамасыз келген 747 шетел азаматтары шекарадан кері қайтарылды.⠀
Соңғы тәулікте шекарадан 303 адам өтті (118 жаяу, 185 жүк көлігінің жүргізушісі), карантиндік стационарға 5 қазақстандық орналастырылған.⠀
Бір тәулік ішінде «Үрлітөбе» бекетінде COVID-19-дың 3 расталған жағдайы (симптомсыз) анықталды. Үшеуі де екі жақты жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер. Екеуі Павлодар қаласының және біреуі Петропавл қаласының тұрғындары.
Сондай-ақ, 2021 жылдың 14 қаңтарында ПТР талдауының теріс нәтижесі көрсетілген анықтамасыз шекарадан өтпек болған Өзбекстан азаматына елге кіруіне тыйым салынды.