Павлодар облысынан Түркия мен Беларусь елдеріне алюминий өнімдері табысты экспортталуда
Павлодар облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Мұқышевтың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңірден алыс-жақын шет елдеріне 340,4 млн. АҚШ долларының «қанатты» металлы тасымалданған. Ал үстіміздегі жылдың бес айы ішінде облыстан құны 155,2 млн. теңгені құрайтын алюминий шетел нарығына жеткізілген.
«Павлодарлық алюминий Түркия мемлекетіне табысты экспортталып жатыр. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстан электролиз зауыты түрік нарығына 42,6 млн. доллардың өнімін жеткізсе, 2015 жылдың алғашқы бес айында тауар айналымының көлемі 102,6 млн. АҚШ долларына жетті. Өткен жылы Беларуське тасымалданатын өнім көлемінің екі есе артқанын айта кеткен жөн», - дейді Ә. Мұқышев.
Маманның сөзінше, жергілікті төртінші деңгейлі алюминийге деген сұраныс жоғарылай түскен. 2013 жылы павлодарлық кәсіпорын «қанатты» металлдан жасалған сымдарды құны 6,2 млн. доллар көлемінде экспорттаса, араға жыл салып аталмыш сома 9,7 млн. долларға жетті. Ал биылғы жылдың бес айы ішінде 6,3 млн. АҚШ долларының өнімі шетел нарығына жол тартты. Айта кетерлігі, Ресей және Беларусь тарапынан павлодарлық глинозем, алюминий, көмір мен электрэнергияға деген қызығушылық басым.
«Бес жыл ішінде Павлодар облысының Беларусь елімен жалпы тауар айналымы 10 миллионнан 40 миллион долларға артты. Өткен жылы көлем 39,7 млн долларға жетті. 2015 жылдың алғашқы бес айындағы көрсеткіш - 11,8 млн доллар. Беларусьтық кәсіпорындармен ынтымақтастығымыз жақсы. Мәселен, «Могилевлифтмаш» компаниясымен бірлескен бағдарлама шеңберінде өңірдегі «Иртыш Лифт» ЖШС базасында 200-ден астам лифті жиналды. Небары үш жылдың ішінде белорустық кәсіпорындармен бірге жүзеге асырылған бағдарламалар саны 106-дан 124-ге дейін жетті», - дейді Ә. Мұқышев.