Павлодар облысында 11 кәсіпорынның аумағында атмосфералық ауа тексеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Биылғы жылы Павлодар облысында 11 кәсіпорынның аумағында атмосфералық ауа тексеріледі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиев мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

 «Аталған кәсіпорындардың сегізі Павлодарда болса, біреуі Екібастұз қаласында және екеуі Ақсуда орналасқан», - деді Қадылжан Сатиев. - Бұл «Қазақстан алюминийі», ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, KSP Steel, ПМХЗ, Қазақстан электролиз зауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Еуразиялық энергетикалық корпорациясы, «Кастинг» кәсіпорындары. Жұмыстар күндізгі және түнгі уақыттарда жүргізіліп, 11 элемент бойынша 7520 сынама алынбақ. Жалпы, Павлодар облысы көп жылдар бойы өнеркәсіп, түсті және қара металлургия, электр, жылу энергиясын өндіру, мұнайды қайта өңдеу және глинозем өндірісі бойынша қарқынды дамыған аймақтардың бірі болып табылады. Дегенмен бұл салалардың дамуы аймақтың экологиялық жағдайына кері әсерін тигізуде. Елімізде қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың төрттен бір бөлігі (98 пайызы) Павлодар облысының үш қаласына - Павлодар (26 пайыз), Ақсу (24 пайыз) және Екібастұз (пайыз) келеді. Сондықтан өңірдің атмосфералық бассейнінің ластануы маңызды мәселелердің қатарына жатады.

 Спикердің айтуынша, соңғы үш жылдың ішінде қоршаған ортаны ластайтын қалдықтардың азаюы байқалады. Мәселен, 2016 жылы 2014 жылмен салыстырғанда 11%-ға кеміген. Жер қойнауын пайдалану, су ресурстары мен қоршаған ортаны қорғау басқармасы тарапынан өнеркәсіптік аумақтағы ауаның сапасын бағалау жұмыстары соңғы үш жыл бойы жүргізіледі. Басты мақсат - тәуліктің түнгі уақыты ескеріліп, ауаның сапасын анықтау. Өйткені, тұрғындар тарапынан шағымдар көбінесе кешкі және түнгі уақытта түседі.

"Сынамаларды алу бағдарламасына жыл сайын өзгерістер енгізіліп тұрады. Мәселен, 2015 жылы осы тектес жұмыстар сегіз кәсіпорынның санитарлық-қорғау зоналарының шекараларында жүргізілді (Павлодар қаласында - 6 және Ақсу қаласында - 2). Нәтижесінде сарапталатын элементтердің шекті нормадан асуы үш нысанда анықталды. Бұл - Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Қазақстан алюминийі»  АҚ, «KSP Steel». Осы нысандарға қатысты тиісті шаралар қолға алынып, шамамен 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. 2016 жылы мониторинг жүргізілген 10 нысанның ішінде ластайтын заттардың нормативтік мөлшерінен асып кетуі  Ақсу ферроқорытпа зауыты,  ЕЭК, «Қазақстан алюминийі» кәсіпорындарының санитарлық-қорғау аймақтарында  тіркелді", - дейді Қадылжан Сатиев.