Бұл туралы кеше облыстық жұмыс пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Меруерт Есембаева «Серпін-2050» бағдарламасымен келген жастармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
«Бізге жетіспейтін мамандықтардың көбісі білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салалары бойынша болып отыр», - дейді Меруерт Сейітбекқызы. «Осындағы маман тапшылығын жабу мақсатында былтыр үкімет тарапынан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арланға мемлекеттік бағдарламасы» қабылданған. Мақсаты - еліміздің жұмыс күші тапшы өңірлерін қажетті мамандармен қамтамасыз ету және өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу. Оған Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандар қатыса алады. Қазір осы жоба бойынша, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар мен шеттен келген оралмандарды қабылдаудамыз. Нақтырақ айтқанда, биыл Павлодар облысына басқа облыстардан қоныс аударушыларды қабылдау үшін 50 отбасына өңірлік квота берілген болса, оралмандарды қабылдау үшін 100 отбасына қаражат бөлінді. Биыл біздің өңірге басқа облыстардан 50 отбасы көшіп келіп өздеріне тиесілі жеңілдіктерін алған, яғни, ішкі көші-қонға берілген қаражат толықтай игерілді. Сонымен қатар, тағы 20 отбасы кезекте тұр. Олардың мәселесі келер жылғы бюджетпен шешілмек».
Мамандардың сөзінше, келесі жылы 450 отбасын, 1800-ге жуық адамды қабылдауға үкіметке ұсыныс жасалған. Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасын негізге ала отырып, жалғызбасты мамандарға да қолдау көрсету қарастырылуда. - Біздің мамандар өткен айдың соңында ауылдық жерлерде орналасқан 178 жұмыс берушімен кездескен болатын. Соның нәтижесінде 490 жұмыс орыны бос тұрғаны белгілі болды. Оның 158-і нақты мамандық иелері болып табылды. Мұндай қызметкерлерге баспана беріледі. Сондықтан сіздер ертең оқуларыңызды бітірген соң жұмысқа орналасып, біздің өңірді түбегейлі мекендеп қалуларыңызға әбден болады. Әсіресе, ауылдық жерлерге барған жас мамандарға баспаналы болуға мүмкіндік зор, - деп атап өтті Меруерт Есембаева.