Павлодар облысында 3 мыңға жуық жұмыскерге жалақы бойынша қарызы төленді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында былтыр 3 мыңға жуық жұмыскерге жалақы бойынша қарызы төленіп, еңбек заңнамасын бұзған кәсіпорындарға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында өңірлік еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов мәлім етті.

- 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста мемлекеттік инспекторлар еңбек қатынасына қатысты 1694 өтінішті қарады. Олардың көбі уақытылы жалақы төлемеуге қатысты. Еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында 440 тексеру жүргізілді. 1667 ереже бұзушылық анықталды. 11,2 миллион теңгеге 102 айыппұл салынды, - деді Асқар Қапанов.

Сондай-ақ 2021 жылы ірі кәсіпорындардың көбі 4-тен 25 пайызға дейін жалақыны көтеріп, «13-ші жалақыны» төледі. Олардың қатарында: «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», Екібастұздағы 1-МАЭС кәсіпорындары бар.
Жалақысы төмен кәсіпорындар қатарына: «Павлодарэнерго» АҚ, «Кастинг» ЖШС, «KSP Steel» ЖШС, «Өрт Сөндіруші» АҚ жатады.
- 2021 жылы облыстағы 118 кәсіпорын 297,7 миллион теңге сомасына жалақы бойынша қарыздарын төледі. Сол арқылы 2805 жұмыскердің құқығы қорғалды, - деді Асқар Қапанов.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік нысандардың құрылысында көбіне «жабайы топтар» жұмыс істейтінін және олар еңбек келісімшартын жасамайтынын атап өтті.
Басқарма басшысы өткен жылы мұндай топтардан арыздар болғанын айтты.
- Мұндай жағдайда жұмыскердің еңбек келісімшарты болса, 100 пайыз жалақысын өндіріп алады. Бұл топтар еңбек келісімшартын жасамағандықтан жұмыс беруші жұмыс істелгенін жоққа шығарады. Оған қоса, мораторий болғандықтан біз тексере алмаймыз. Бұндайда біз зардап шеккендерге арыз жазуға көмектесеміз. Өткен жылы істердің 50 пайызы жеңіп шықты. Одан бөлек, кейде жұмыс беруші емес, жұмыскердің өзі келісімшарт жасағысы келмейтін жағдайлар болады, - деді Асқар Қапанов.

Аймақ басшысы бұндай жағдайдағы жұмыскерлердің еңбек келісімшартын жасағаны туралы ақпарат ешқайда тіркелмейтінін, яғни ақпараттық жағынан жұмыс әлсіз екенін сынға алды.
- Адамдар өз еңбек құқығын қорғау үшін тиісті келісімшартын толтырмаған. Ол туралы ақпарат ешқайда жоқ. Мысалы, өткен жылы Жетекшіде мектептің құрылысында, Майқайыңда болған оқиғалар есімде. Онда алғашқы еңбек келісімшарты жасалмаған. Бұлай жұмыс істеуді тоқтату керек, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Айта кетейік, 2021 жылы облыста ҚР Еңбек кодексін түсіндіру бойынша 151 семинар өткізіліп, 3 мыңнан астам адам қамтылған.