Павлодар облысында ақ қайың өңдейтін жаңа комбинат іске қосылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Железинка ауданында ағаш өңдейтін жаңа комбинат іске қосылды.

Кәсіпорын тек қайың ағашын өңдеуге бағытталған. Өндіріс басшылығы мұның жиһаз жасауға таптырмас құнды материал екенін айтады. Оны өңдеу ісі басқа ағаштардан күрделірек келеді екен. Жаңа комбинаттың жұмысына тек ауыл азаматтары тартылған. Олар аса мұқият болуға тырысады. Өйткені қайыңды тілу зергердің шеберлігін талап етеді.

«Әрбір тақтайдан жақсы материалды мейлінше көп алуға күш саламыз. Өйткені одан құнды дүние жасалады», - дейді ағаш жонушы Гадан Кабулов.

Ағаш өңдеушілер бір қайыңнан 30 пайыз ғана тауарлы материал алады. Қалғаны жарамсыз. Сондықтан маңызды шаруа ағаш тілетін цехта ең жаңа технологиялық желінің көмегімен атқарылады.

Ағаш өңдеу комбинаты директорының орынбасары Қабыш Серікбаевтың айтуынша, кКелешекте бұл цех конвейерлік цехқа ауысады. «Өндірістің қуаттылығын арттырып, қайыңнан сапасы жоғары өнім алу үшін біз станоктардың сапасына көз жеткізуіміз керек», - дейді ол.

Қайың өңдеу өңдірісі толығымен сыртқы нарыққа бағытталған. Әзірге Қазақстан бойынша бұл өнімге сұраныс жоқ көрінеді.

«Аққайыңды Ресейдің жиһаз жасайтын танымал компаниялары тұтынады. Беріктігі жағынан еменге дес бермейтін ағаштан баспалдақтар, әдемі сатылар мен түрлі жиһаздар жасалады», - дейді ағаш өңдеу комбинатының директоры Артур Данаян.

Кептіруден соң дайын өнім тағы 10 пайызын жоғалтады. Бірақ өндіріске жарамаған қалдықтар далада қалмайды. Келешекте құрылыс материалдарын оның ішінде кірпіш, ағаш көмірін жасау ісін жолға қоямыз дейді өндіріс иелері. Табиғи тепе-теңдік жойылмас үшін олар ағашы сиретілетін орманды қалпына келтіру жұмыстарымен қоса айналысады. Железинка ауданында шикізаттың мол қоры сақталған. Ал ағаш өңдеу комбинатының ашылуы шағын ауылдың тамырына қан жүгірткендей әсер берді. Қазіргі күні 37 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған, деп жазады 24.kz.