Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мұндай отбасылық жанжалдар жиі кездеседі.
Мәселен, 6 қазан күні Успен ауданы ауылдарының бірінің тұрғыны тәртіп сақшыларынан шұғыл түрде келіп, үйде жанжал тудырып жатқан ұлын тыныштандыруды сұрайды.
Тәртіп сақшылары өтініш берушінің 27 жасар ұлы үйге мас күйінде келгенін анықтады. Ол анасына дауыс көтеріп, дөрекі сөйлеп, қарғыс жаудыра бастаған. Ұлының мұндай әрекетінен шошып қалған анасы көз жасына ерік беріп, мұндай жағдайдың бірінші рет орын алғанын айтқан. Сондай-ақ, әйел ұлының қосымша жұмыс істеп, қалыпты өмір сүретінін жеткізген.
«Жас жігіт полиция бөлімшесіне жеткізіліп, өткізілген медициналық куәландыру оның орташа деңгейде мас екенін көрсетті. Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал қаралу үшін сотқа жіберілді», - деді Успен ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Арман Ашренов.
Айта кетелік, ағымдағы жылы Павлодар облысының 2800-ден астам тұрғыны отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.