Павлодар облысында апта қорытындысымен аутсайдер-әкімдер анықталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімдігінде апта қорытындысы бойынша аутсайдер-әкімдер анықталды. Қалалар мен аудандардың басшыларына 23 көрсеткіш бойынша баға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап,

Өткен аптаның қорытындысы туралы аппарат жиналысында облыс әкімінің орынбасары Асаин Байханов есеп берді.

А.Байханов әлем, ел және аймақ өміріндегі ең маңызды оқиғаларды, атап айтқанда, СOVID-19-ға қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаның әзірленгенін, Қазақстан мен жеті ел арасында әуе қатынасы қалпына келтірілгенін, Павлодар облысынан Парламент Сенатына депутаттың сайлануын, сондай-ақ қаланың бір бөлігін ыстық сусыз қалдырған «Павлодар жылу желілерінің» гидравликалық сынақтан өткізілуін еске салды.

Сондай-ақ, әкім орынбасары облыс қалалары мен аудандар әкімдерінің апта сайынғы рейтингін жариялады.

«Біз даму динамикасын, сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын 23 көрсеткіш бойынша есепке аламыз. Апта қорытындысымен, «қызыл аймақтағы» - аутсайдерлер арасында Павлодар, Железин және Баянауыл аудандарының әкімдері бар. Баянауыл 23 көрсеткіштің – 12-сі, Железин – 11, Павлодар – 12-сі бойынша «қызыл аймаққа» енді», - деді Асайын Байханов.

Сондай-ақ, ол жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы» бойынша өңірде 213 жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның ішінде осы аптада облыс төрт жоба қолдау тапты. Олардың екеуі – Павлодарда, екеуі – Ақтоғай мен Ертіс аудандарында. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша Железин және Шарбақты аудандарында үш жоба мақұлданды.

«Еңбек» бағдарламасымен бір апта ішінде 11 жоба іске асырылды. Олардың үшеуі – Баянауыл ауданында, ал Павлодар, Ақтоғай, Май аудандарында екі-екіден және екеуі – Павлодар мен Шарбақты аудандарында.