Бұл туралы облыстық әкімдікте медициналық ұйымдардың басшыларымен алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек мәселелері бойынша өткен кеңесте өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов мәлім етті.
- Медицина қызметкерлерінің күшімен жыл сайын ересек тұрғындарды скринингтік тексеру арқылы профилактикалық медициналық тексерулер жүргізіледі. Алайда, бұл жүргізіліп жатқан жұмыс тиісті нәтиже бермей отыр. Диспансерлік есепте 271 мың адам тіркелген, яғни облыстың әрбір үшінші тұрғыны бүгінде диспансерлік есепке алынған, - деді Айдар Сейітқазинов.
Басқарма басшысының айтуынша, оның ішінде қан айналымы жүйесінің аурулары - 44,9% (122 мың адам) бірінші орында тұр. Сондай-ақ эндокриндік аурулар көрсеткіші - 13% (37,4 мың адам), тыныс алу органдарының аурулары - 5,9% (15,9 мың адам), несеп-жыныс жүйесінің аурулары - 5,5% (14,8 мың адам), ісіктер - 5,3% (14,3 мың адам). - Өкінішке орай, скринингтер мен кәсіби тексерулер формалды және сапасыз жүргізіледі. Алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек деңгейінде аралау қызметі тоқтады, профилактикалық іс-шаралар жүргізілмейді. Науқастар шағымдармен өздігінен жүгінеді және тексеру кезінде онкологиялық аурулардың 3-4 сатыда асқынып кеткен жағдайлары анықталады, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол скринингтер мен кәсіби тексерулердің формалды және сапасыз жүргізілуі салдарынан Павлодар облысы бүгінгі күні онкологиялық аурулар бойынша қолайсыз аймақта орналасуына әкелгенін жеткізді.
- Балалардың қараусыз қалған жағдайларын ескеретін болсақ, патронаждық медбикелер институтын күшейту керек. Соңғы екі жылда коронавирусқа байланысты шектеулер науқастар мен емханалар арасындағы қашықтықты арттыра түсті. Осы айда қаладағы үш емхананы аралап шықтым. Әлеуметтік желідегі парақшамда тұрғындар ұсыныстар мен өз пікірлерін қалдырып жатады. Оның ішінде шағым көп. Медқызметкерлердің қызметінің сапасыздығы мен бас дәрігерлердің әрекетсіздігіне шағымданады. Шағымдардың көбі № 1, 4, 5 және Екібастұз қаласының № 2 емханасына қатысты түседі, - деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.