Павлодар облысында астықтың 94 пайызы жиналды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында астықтың 94 пайызы жиналды. Шаруалар осы аптаның соңына дейін толық бітіруді жоспарлап отыр. 

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің бас маманы Байболат Рахымжанов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

 Облыста дәнді дақылдарды жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бір апта уақыттың ішінде аяқтайды. Биыл астық өнімі 694100 гектар алқапқа егілген. Қазір соның 655600 гектарын жинап үлгерді. Қазірдің өзінде жергілікті дихандар 770700 тонна астық бастырды. Апта соңына дейін бұл көрсеткіш 800 мың тонныға дейін жетуі мүмкін», - дейді Байболат Рахымжанов. Бас маманның айтуынша, астық дақылдарын жинау бойынша Ертіс ауданы көш бастап келеді. Мұндағы шаруалар гектарына 12 центнерден жинап, 209 мың тоннадан асырған. Сондай-ақ, Успен ауданы 136 мың тонна, Качир ауданы 124 мың тонна бидай бастырды. Осы аптаның аяғына дейін дәнді дақылдарды жинап бітіріп, келер апта майлы дақылдар алқабына ауысады. Биылғы көктемде Павлодар облысында 200 мың гектар жерге майлы дақылдар тұқымы себілген.

Айта кетерлігі, былтыр Павлодар облысында 800 мың тонна астық бастырған болатын. Қазақстанда 2017 жылдың 25 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 20 368,2 мың тонна астық жиналған.