Павлодар облысында ауыл тұрғындарын су тасқынына дайындауда
16:23, 07 Ақпан 2017
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Қашыр ауданында құтқарушылар жергілікті тұрғындарды көктемгі су тасқынына дайындауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қашыр аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары әкімдіктің өкілдерімен және №23 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен, жедел-құтқару жасағымен бірлесіп, 348 ауыл тұрғынына тасқын кезіндегі қауіпсіздік ережелерін үйретті.
Тұрғындарға ТЖ жағдайындағы ережелер туралы ескертпелер таратты. Ал, Тереңкөл және Песчанский ауылдық округтерінде жиналыс өткізіп, үй-үйді аралап шықты.
Мұның барлығы тұрғындардың алдағы тасқын кезеңінде қажетті іс-әрекет жасауға, көктемгі маусымнан қауіп-қатерсіз шығуларына, адамдардың қаза табуына жол бермей, су тасқыны салдарынан келетін залалдардың алдын алынуы үшін жасалынуда. Осындай-іс-шаралар жалғасын табады.