«Асық терапиясы» Аққулы ауданының орталығындағы «Айналайын» балабақшасында қолданыла бастады. Жобаның авторы - мекеме тәрбиешілері Меруерт Әубәкірова мен Гүлден Сағалова.
«Асық терапиясы» аудан бойынша алғаш рет біздің балабақшада 2018 жылдың қыркүйек айында енгізілді. Бұл бағдарлама туралы интернет арқылы білген едік. Бұдан кейін өзіміз толықтырып, қосымша арқан тарту, қызу қуу, тақия тастамақ сияқты ұлттық ойындардың барлық түрін қамтыдық. Бұған дейін балалар дойбыны шөлмектердің қақпаларымен ойнайтын. Енді оның орнына асықтарды пайдаланамыз», - дейді Меруерт Әубәкірова.
Тәрбиешінің айтуынша, экологиялық тұрғыдан таза саналатын асық балғындарды шапшаңдық пен ептілікке, мергендікке, қол буындарының икемді болуына баулиды. Мектепке дейінгі мекемеде 200-ден астам асық ата-аналардың көмегімен жиналған. Төрт топта 3-5 жас аралығында барлығы 100 бала тәлім-тәрбие алады. Көбінесе асық ойыны дене шынықтыру және матаметика сабақтарында қолданылады.
Вариативті компонент ретінде аптасына екі рет - сәрсенбі және жұма күндері ұлттық бұрышта түрлі ойындар өткізіледі.
«Бұл ойында бала топпен жұмыс істеуді үйренеді, түстерді ажырата біледі. Тілді дамытуда маңызды орын алады. «Ханталапай», «Үш табан», «Шеңбер» сияқты түрлі асық ойындары туралы айтамыз. Тіпті, асық санамақтың рөлін де атқарады», - дейді Меруерт Әубәкірова.
Облыстық білім беру басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірде 172 асық ату секциясына барлығы 3 мыңға жуық оқушы қатысады. Еске сала кетейік, Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров ауылындағы Жамбыл орта мектебінің оқушысы Бейбарыс Шұғыла асықтан массажер, санамақ, түс ажыратқыш, тастары сүйектен жасалған дойбы, асық атуға арналған құрал құрастырған.