Павлодар облысында балаларды құтқарған полицей есін жиды

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - №1 Павлодар қалалық ауруханасында әріптесімен бірге күре жол үстінде балалар толы автобусты КамАз-бен соқтығысудан сақтап қалған полицейдің денсаулық жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Журналистерге №1 Павлодар қалалық ауруханасының бас дәрігері Советхан Смаков мәлімдегендей, Мұрат Нұрсейітовке ауруханаға түскен алғашқы сағаттардан бастап емдеу шаралары жүргізілген. Аурухана Астанадағы әріптестерімен күн сайын байланысып отырады.

«Майлы эмболия деп аталатын асқынудың алдын алу бойынша жүргізілген ем-домдарымызға қарамастан, Мұраттың жағдайы үшінші тәулікте күрт нашарлап, өкінішке қарай, оны өкпенің жасанды вентиляциясы аппаратына қостық. Біз оны дүйсенбі күні Астанаға жіберуді жоспарлап едік, - деп мәлімдеді С. Смаков. - Алайда, ауа райы ұшып шығуға мүмкіндік бермеді. Бірақ, оған қарамастан Астанадағы әріптестер кешкісін өздері ұшып келді. Ал, біз оған дейін облыстық мамандардың қатысуымен өз деңгейімізде консилиум өткіздік. Консилиумды Астанадағы полижарақат орталығымен телекөпір арқылы өткіздік.  Астаналық дәрігерлер келгенде Мұрат аппаратта болды. Осындай аса ауыр жарақат алып, асқынған науқастарды орнынан қозғауға болмайды. Сондықтан, республикалық әріптестерімізбен ақылдаса келе, оны елордаға жібермейтін болып шештік. Аллаға шүкір, бұл әдіс оңтайлы шешім болып шықты. Қазіргі таңда жасанды тыныстандыру құрылғысын алып тастадық. Ол  есін жиды. Оның өміріне қауіп төндірген асқынулар артта қалды».

Советхан Смаковтың айтуынша, бүгінде Павлодар қалалық ауруханасының дәрігерлері елордалық әріптестерімен кезекті телекөпірді жоспарлауда. Кейін олар Мұрат Нұрсейітовті Астанаға жеткізетін ыңғайлы күнді белгілеп, санавиациямен алып кетеді. 

Соңғы жаңалықтар